23.05.2018

Валюта бағамы:

Сапалы және сапасыз тауарды айырбастау жолдары

Сатушы мен сатып алушы арасындағы қарым – қатынас дау – дамайға толы. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, сауда және қызмет көрсету саласында «Клиенттікі әрдайым дұрыс» қағидасы үнемі үстемдік етпейді. Сатып алушылар мен сатушылар арасында әлі күнге дейін тауарды қайтару мен айырбастау мәселесі өзекті болып отыр. Тұтынушының құқығын түрлі жағдайда жан – жақты қорғауға бағытталған «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы әрекет еткенімен, сатушылар түрлі сылтауларды алға тартып, сатылған тауарды айырбастауға немесе ақшасын қайтаруға асықпайды. Шындығында сатып алушының қандай құқықтары бар? Осы мән-жайға қысқаша тоқталып өтсек.

Тауардың дүкенде немесе базарда сатып алынғандығына қарамастан тұтынушылар «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен берік қорғалғандығын естен шығармауы керек. Осы Заңның негізінде сатушы сапалы немесе сапасыз тауарды айырбастауға болмаса ақшасын қайтаруға міндетті (Заңның 24 бабы, 5 тармақшасы).

Тиісті сападағы, яғни қалыпты, бірақ сізге осы немесе басқа себептер бойынша, мысалы, өлшемі, түсі, фасоны бойынша ұнамай қалған тауарды қайтару үшін сіз сатушыға 14 күн ішінде жүгінуіңіз қажет. Егер сіз сәйкессіздікті 15 күнде анықтаған болсаңыз, сізге оны ауыстыру мүмкін болмайтындығымен келісуге тура келеді. Сатушы сізді кері қайтарады және ол дұрыс жасайды. Ал егер де сатушы 14 күнге дейінгі мерзімде оны айырбастаудан бас тартатын болса, шындық сіздің жағыңызда болады. Бұл орын алған жағдайларды құқықтық реттеу Заңының 14, 30 баптарында атап өтілген.

Заңнама бойынша айырбастауға жатпайтын тауарлар:

1) дәрілік заттарды, медициналық мақсаттағы бұйымдарды;

2) іш киімді;

3) шұлық-ұйық бұйымдары;

4) жануарлар мен өсімдіктер;

5) метрлеп сатылатын тауарлар (талшықты маталардың барлық түрі, трикотажды және және перделік мата, жасанды тері, кілем бұйымдары, тоқыма емес маталар, ленталар, шілтерлер, кестелер, сымдар, баулар, кәбельдер, линолеум, багет, пленка мен клеенка);

Сапасыз тауарды айырбастау әлде қайда оңай. Заңның 30 бабы 1-1 тармақшасына сәйкес, сатушы мерзімі өткен, техникалық регламентпен белгіленген, өнімнің нормативтік құжаттарының талаптарына сай емес, соның ішінде зияткерлік меншік құқықтары бұзылып өндірілген, оның пайдаланғанына, тауарлық түрінің, қасиеттерінің, пломбасы мен зат таңбаларының сақталмағандығына қарамастан сапасыз тауар сатып алынған 30 күнтізбелік күн ішінде айырбастауға немесе ақшасын қайтаруға міндетті. Сатып алынған сапасыз тауар қолданыста болмаған сондай тауарға айырбасталуы немесе тұтынушыға тауарға жұмсалған ақшалық сомма қайтарылуы тиіс. Тауарды қайтару кезінде сатушы тауардың жартылай немесе толықтай пайдаланылғандығы, тауарлық түрінің сақталмағандығы немесе өзге де себептермен оның соммасынан ақша ұстап қалуға хақысыз.

Заңның 30-бабы, 2-тармақшасына сәйкес, тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтап сатушыға оның айырбастау жөнінде талап қойған жағдайда сатушы (өндіруші) оны дереу айырбастауға міндетті. Тауардың сапасын қосымша тексеру (сараптама) қажет болған жағдайда сатушы (өндіруші) айырбасты талап қойылған мерзімінен 30 күнтізбелік күн ішінде жүзеге асырады. Тауар сапасын қосымша тексеруді (сараптама) сатушы төлейді. Егер сараптама барысында тауардың сапасыздығы анықталмаса немесе тұтынушыға сатылғаннан кейін оның пайдалану және сақтау ережелерін бұзу, үшінші тұлғалардың пайдалануы салдарынан орын алса тұтынушы сатушыға (өндірушіге) тексеруге және оны ұйымдастыруға кеткен транспорттық шығындарды өтеуге міндетті. Тұтынушы тауардың сапасын тексеру сараптамасына өзі немесе сенімді тұлғасы арқылы қатысуға, сондай-ақ оны өз қаражатына өткізуге құқылы.

Өз құқықтарыңызды қорғап, сауатты тұтынушы болыңыз!

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаменті.

Тел: 8(7242)26-22-61. Туындаған сауалдар бойынша біздің департаментке келіп жолығуға болады. Мекен-жайы: Қызылорда қаласы, Ы.Жахаев көшесі №5 ғимарат.

  • Жарияланған күні: 04.05.2018 10:16
  • Жаңартылған күні: 05.05.2018 12:50
  • Көргендер саны: 60
Жаңғырту 3.0
Қызықты ақпарат
Сіз электронды үкіметтің порталы арқылы қызмет алдыңыз ба?
Халықтан сұхбат

Оқиғалар күнтізбесі