Бастапқы бет » Аудан туралы » Аудан тарихы

Қармақшы ауданының тарихы

«Қармақшы» атауы 15 ғасырдан бастау алған. Түркі қағанатынан кейін бірлескен Оғыз хандығы кезінде Баят, Қият тайпалары біздің жерімізде мекен еткендігі ғылыми зерттеулер, жер, су, мазарлар аттары ескерткіштері арқылы белгілі болып отыр. Жаңадария бойындағы Шірік – Рабат Баршынкент қалаларының орны Сырлытамда Алпамыс батырдың, оның жеті қарындасының және әйелі Баршынның мазарлары бар деп жазды Ә. Марғұлан мен Ә. Қоңыратбаев. Жеріміздегі Қорқыт ата, Қармақшы ата, Марал баба, Сейітпембет баба мазарлары халықты рухани тәрбие жағынан бағыттап отыратын зиялы адамдардың тарихта болғанын дәлелдейді.
Қараөзек арнасының Сырдария өзенімен қиылысқан жерін ежелгі тұрғындар «Қармақшы өткелі» деп атаған. Ресеймен байланыс орныға бастаған жылдардан (шамамен 1850 жылы) бастап осы өткел «Қармақшы форт-2» деп аталған.
Қармақшы ауданының орталығы Жосалы кентінің оңтүстігіне қарай 20 шақырым жердегі үлкен төбеде «Жоса» тасы болған. Сондықтан 1905 жылы салынған теміржол стансасы осы Жосалы төбесінің атымен «Жосалы стансасы» деп аталған.
Жосалы кентінің – 1906 жылы темір жол стансасы ретінде іргесі қаланған. Жосалы кентінің атауы бұрын 1903-05 жылдары «Қосқорған» деп аталған. «Қосқорған» мекенінің орны «Қараторғайдан» әрі, бұрынғы Калинин учаскесінің тұсында. Дарияның арғы бетінде және батысында 2-3 шақырым жерде ескі қаланың орны бар. Міне, осы қатар жатқан екі қаланы Қосқорған деп аталған болуы керек.
Қарсақбай мыс қорыту комбинатына алғашқы апарылған қажетті-техникалар Жосалы стансасына дейін темір жол арқылы жеткізіліп, одан кейін көлікпен, автомашинамен тасылған. Ұлы Октябрь социалистік ревалюциясына дейін Қармақшы Сырдария губерниясының Қазалы уезіне қараған. Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты 1905 жылдың өзінде Жосалы темір жол станциясы жұмысшылары арасында революциялық комитеттер мен большевиктік топтар құрылған.
1925-26 жылдары Жосалыда механикалық зауыт, 350 орындық автобаза салынған. Округтік партия комитетінің әкімшілік – территориялық жағынан Қызылорда, Қазалы уездеріне аудандастыру туралы 1928 жылғы сәуірдегі қаулысы бойынша сол жылы Қармақшы өз алдына жеке аудан болды.
Аудан аумағында Қорқыт Ата мазары, «Жетіасар», «Алтындыасар», «Шірік Рабат», «Сырлытам», «Қосқала» т.б. көне заманның тарихи архитектуралық ескерткіштері бар. Аты аңызға айналған орта ғасыр ойшылы, күй атасы Қорқыт бабаға, «Рүстем-Дастан» эпосының қазақша нұсқасының авторы ақын Тұмағамбет Ізтілеуовке екінші дүниежүзілік соғыста болғандарға арналған ескерткіштер қойылған. 1932 жылдан «Қармақшы таңы» газеті шығады. Аудан жерінде Байқоңыр ғарыш алаңы орналасқан.
Қармақшы ауданының жер көлемі 31.0 мың км2. Тұрғыны 53,9 мың адам. Аудандағы 28 елді мекен 2 кенттік және 12 ауылдық әкімшілік округке біріктірілген. Аудан орталығы Жосалы кенті. Аудан жерін толығымен Тұран ойпаты алып жатыр. Қыйыр солтүстігінен Арал қарақұмының төбелі келген жіңішке құм және көл құдық құм құды алқабы, орталық тұсында Алақайдың Ақтақыры және Жосалы даласы, оңтүстігінде Қызылқұмның төбелі құмдары орналасқан. Ауданның ең биік жері солтүстігінде Тарғыл тауы, 160 метр. Жер қойнауынан құрылыс материалдары барланған. Климаты тым континенттік қысы біршама суық, жазы ыстық әрі қуаң, аңызақты келеді. Қаңтар айындағы ауаның жылдық орташа температурасы 9-13 ºС, шілдеде 27-29 ºС. Жауын шашынның жылдық орташа мөлшері 100-150мм. Аудан жерінің орта тұсынан Сырдария өзені ағып өтеді. Одан Қармақшы, Шиелі каналдары тартылған. Оңтүстігінде Сырдарияның ежелгі арналары Жаңадария, Іңкәрдария жатыр. Топырағы солтүстігінде сұр, құмайтты сұр, тақыр және тақыр тәрізді топырақ, орталық бөлігі құмайтты. Сырдария аңғарымен жайылмасында шалғынды топырақ және шалғынды батпақты топырақ қалыптасқан. Оларда боз жусан, еркек шөп, баялыш, бұйырғын, тас бұйырғын, көкпек, ши, қарасексеуіл, сарсазан, қамыс, құрақ, қаратал, жиде, жыңғыл, шеңгел өседі. Жануарлардан қасқыр, түлкі, борсық, құм қояны, құстардан қаз, үйрек, қырғауыл, көкқұтан мекендейді. Сырдария өзені балыққа бай. Аудан халқы көп ұлтты. Халықтың негізін қазақтар (97,8%). Одан басқа орыс, кәріс, татар, өзбек, түрік, шешен т.б. ұлт өкілдері тұрады. Халықтың орташа тығыздығы 1 шаршы км-ге шаққанда 1,6 адамнан келеді. Ірі елді мекендері: Жосалы (18,9 мың адам), Төретам (9,2 мың адам) кенттері және Ақай (2,8 мың адам), Ақжар (2,3 мың адам), ІІІ-Интернационал (2,6 мың адам), Тұрмағамбет (2,3 мың адам), Жаңажол (2,2 мың адам), Ақтөбе (2,1 мың адам) т.б. ауылдар. Ауданда 1996 жылға дейін негізінен күріш пен қаракөл қойы, оған қосымша сүтті, етті сиыр, жылқы, түйе өсірген. Мал азықтық дақылдар өсіруге маманданған үш ұжымшар, жеті кеңшар, бір мал бірлестігі болған. Олардың негізінде Қармақшы ауданы аумағында бір өндірістік кооператив, екі акционерлік қоғам, 16 серіктестік, 57 шаруа қожалығы жұмыс істейді (2005ж).
Әлеуметтік инфрақұрылым саласында мәдениет және спорт бойынша 1 музей, 18 кітапхана, 2 мәдениет үйі, 14 клуб, 1 стадион, 17 спорт залы, денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінен 6 аурухана, 1 емхана, 6 фелдчерлік-акушерлік пункт, 5 отбасылық – дәрігерлік амбулатория бар. Ауданда 15 балабақша, жалпы білім беретін 22 мектеп, 12 мешіт, бір ұлттық мәдени орталығы (корей) тіркелген.