Бастапқы бет » Қоғам » Білім » Қармақшы ауданының психологиялық- педагогикалық түзету кабинеті

Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің үлгілік қағидалары

 Жалпы ережелер

 1. Осы Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің үлгілік қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттерінің (бұдан әрі - ППТК) қызмет тәртібін айқындайды.

2. ППТК арнайы түзетуші топтық, шағын топтық және жеке дамытушы бағдарламаларды іске асыратын және ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға кешенді психологиялық-педагогикалық көмек көрсету үшін құрылатын арнайы білім беру ұйымдарының бірі болып табылады.

 Психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеттері қызметінің тәртібі

 3. ППТК-не балаларды жіберу және орналастыру ата-аналардың (заңды өкілдердің) келісімімен ПМПК қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. Балаларды ППТК-не қабылдау жыл бойы жүргізіледі.

4. ППТК психологиялық-педагогикалық көмекті ПМПК қорытындысы негізінде туылғаннан он сегіз жасқа дейінгі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға:

1) көру қабілеті бұзылған;

2) есту қабілеті бұзылған;

3) сөйлеу тілінің бұзылыстары бар;

4) сөйлеу тілінің дамуы тежелген;

5) тірек-қимыл аппараты қызметінің бұзылысы бар;

6) зерде бұзылыстары бар;

7) психикалық дамуы тежелген;

8) эмоциялық-ерік әрекетінде және мінез-құлқында бұзылыстары бар;

балаларға көрсетеді.

Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында түзету-педагогикалық көмек болмаған жағдайда, сондай-ақ орта білім беру ұйымдарына тіркелген үйде оқитын балаларға
түзету-педагогикалық көмек болмаған жағдайда ППТК ондағы білім алушыларға психологиялық-педагогикалық түзету көмегін көрсетеді.

5. Түзете-дамыта оқытудың мазмұны осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке дамыту бағдарламасымен (бұдан әрі - ЖДБ) айқындалады. ЖДБ ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалардың психофизикалық және сөйлеу тілінің дамуы мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып әзірленеді және баланың негізгі даму: сөйлеу тілі, танымдық, әлеуметтік-эмоционалдық, моторикалық және өзіне-өзі қызмет ету аясын қамтиды.

ЖДБ құру үшін баламен түзету жұмысының басым бағыттарын одан әрі анықтау үшін оның психофизикалық жағдайын кешенді тексеруді мамандар (олигофренопедагог, сурдопедагог, тифлопедагог, мұғалім-логопед (логопед); педагог-психолог, психолог, әлеуметтік педагог) жүргізеді.

6. ППТК-дегі түзете-дамыту процесін ұйымдастыру «Тиісті үлгідегі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын, оның ішінде балаларға арналған қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 17 мамырдағы № 499 қаулысына  сәйкес  жылдық оқу жоспарымен және сабақ кестесімен реттеледі.

7. ППТК-дегі ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға
түзете-дамыту тұрғысынан оқытуды ұйымдастырудың формалары жеке немесе шағын топтық және топтық сабақтар, консультативтік сабақтар, қысқа мерзімді топтар болып табылады.

Топтар бір жас шамасы немесе әртүрлі жас шамасы қағидалар бойынша жинақталады. Топтар саны ППТК және түзету-педагогикалық жұмысты жүзеге асыру үшін арнайы жағдайлардың болуымен айқындалады.

8. Сабақтың ұзақтығы ерекше білім беруге қажеттілігі бар баланың жасына байланысты:

1) жеке сабақтар – 20-30 минутты;

2) екіден бес жасқа дейінгі мектепке дейінгі кіші жастағы балаларға арналған топтық сабақтар – 35-40 минутты;

3) мектепке дейінгі ересек бестен жеті жасқа дейінгі және мектеп жасындағы алтыдан он сегіз жасқа дейінгі балаларға арналған топтық сабақтар – 35 минутты құрайды.

9. «Мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарын және педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы
30 қаңтардағы  № 77 Қаулысына сәйкес ППТК-де олигофренопедагог,
мұғалім-логопед (логопед), сурдопедагог, тифлопедагог, педагог-психолог лауазымдары есеппен әр топқа 1 штаттық бірлік  қарастырылады. білім алушылар санына байланысты, әлеуметтік педагог, емдік дене тәрбиесі нұсқаушысы, музыкалық ырғақ бойынша педагог, әдіскер, тәрбиеші,
медбике-массажист, тіркеуші қызметін жүзеге асырады.