30.05.2020

Валюта бағамы:

«БЖЗҚ» АҚ өзекті сауалдарға жауап береді

«БЖЗҚ» АҚ өзекті сауалдарға жауап береді

1) Қайырлы күн! Мен абайсызда БЖТ-ны басқа айға төлеп жіберіппін, төлемді қалай қайтарып алуға болады?

№4 Қағидалардың 12-тармағына сәйкес қате төленген БЖТ-ны қайтарып алу үшін төлем жасаушы, банк немесе банктік операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым Мемлекеттік корпорацияға №4 Қағидаларда белгіленген нысан бойынша қате төленген БЖТ-ны қайтару туралы өтініш беріп, оған төлем құжатының немесе БЖТ төленгенін растайтын құжаттың көшірмесін қоса тіркейді.

Агент өтінішінің негізінде Мемлекеттік корпорация БЖЗҚ-ға қате аударылған БЖТ сомасын аудару туралы электрондық өтінім жолдайды.

БЖЗҚ электрондық өтінім алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде БЖТ төлеушілердің аты-жөндері мен телефон нөмірлері, өтінім берген күндері көрсетілген тізімді қоса тіркей отырып, Мемлекеттік корпорацияға қайтарым жасайды.

БЖТ-ның толық сомасын алған кезде Мемлекеттік корпорация сомалар түскен күннен бастап үш операциялық күн ішінде оларды БЖТ төлеушінің қате төленген БЖТ сомасын қайтару туралы өтінішінде көрсетілген банк шотына төлем тапсырысымен аударуды жүргізеді.

Жоғарыда айтылғандарға байланысты қате есептелген БЖТ сомаларын қайтаруды жүзеге асыру немесе Мемлекеттік корпорацияға БЖТ сомасын аударған банктің немесе ұйымның деректемелерін нақтылау мәселесі бойынша тұрғылықты жерде орналасқан Мемлекеттік корпорация бөлімшесіне жүгіну қажет.

2) Мен жақында босану және бала күтіміне байланысты демалысқа шығуға дайындалып жүрмін. Жұмысымды тоқтататындықтан зейнетақы жинақтарымның жай-күйі не болмақ?

Сәбиіңізді дүниеге әкелгенннен кейін Сізге бала күтіміне байланысты демалыста отырған аналарға арналған мемлекеттік қаржылай көмек берілуі тиіс. Осындай нысандардың бірі - бюджет қаражаты есебінен міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) субсидиялау. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 330 бұйрығымен бекітілген Қағидалардың 2-тарауы 4-тармағына сай МЗЖ-ны бюджет қаражаты есебінен субсидиялау әлеуметтік төлем алушылардың пайдасына ай сайын жүзеге асырылады. Яғни, бала бір жасқа толғанға дейін анасының жеке зейнетақы шотына ай сайын бюджет және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қаражаты есебінен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы зейнетақы жарналары аударылып отырады.

МЗЖ субсидиялау барысында әйелдердің зейнетақы аударымдарының мөлшері төмендемейді және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемдерді алған кезең ішінде бала күтімі бойынша әлеуметтік төлемнің мөлшері әйелдің есептелген табысы мөлшерінің деңгейінде сақталады.

Яғни, міндетті зейнетақы жарналарының мөлшері босану және бала күтіміне байланысты демалысқа шыққанға дейінгі белсенді еңбек қызметі кезеңінде аударылған МЗЖ (табыстың 10%) деңгейінде сақталады. Осылайша 10 %-дық жарнаның:

4% - бала күтіміне байланысты төлем аударатын Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ);

6 % - республикалық бюджеттен (субсидия) бөлінеді.

Мысалы, бала туғанға дейін әйелдің ай сайынғы жалақы мөлшері 150 000 теңгені құрады делік. Ай сайын оның БЖЗҚ-дағы жеке зейнетақы шотына осы сомадан 10% МЗЖ, яғни 15 000 теңге аударылып отырған еді. Босану және бала күтіміне байланысты демалысқа шыққаннан кейін осы жарнаның сомасы сақталуы тиіс, бұл ретте табыстың 4% (6000 теңге) МӘСҚ-дан, ал 6% (9000 теңге) республикалық бюджеттегі субсидиялар есебінен төленеді.

Айта кету керек, мемлекеттік субсидияларды есептеу үшін құжаттар жинау немесе бір жерге өтініш берудің қажеті жоқ. Субсидиялар бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша жәрдемақы есептеу кезінде әйелдің зейнетақы шотына автоматты түрде есептеледі және аударылады.

3) Сәлеметсіздер ме! Жақында БЖЗҚ салымшыларына есептелетін инвестициялық табыс көбею жағына қарай да, азаю жағына қарай да өзгеріп отыратындығы туралы оқыған едім. Сұрайын дегенім, біздің ақшамызды кім инвестициялайды, БЖЗҚма, әлде Ұлттық банк пе? Бүкіл қаржыға алтын сатып алып, оның құны өскенше жай ғана күтіп отыруға бола ма?

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 35-бабына сәйкес Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Басқару тиімділігін арттыру, инвестициялау бағыттары және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесін анықтау бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын орган – ҚР Ұлттық қорын басқару жөніндегі кеңес. ҚР Ұлттық Банкінің консультативтік-кеңесші органы – БЖЗҚ зейнетақы активтерін басқару жөніндегі кеңес. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

Екінші мәселеге қатысты, тәуекелдерді басқарудың базалық қағидаттарына сай барлық зейнетақы жинақтарын құралдардың бір түріне жіберуге жол берілмейтінін атап өткен жөн. Сондықтан портфельді валюталар мен құралдар түрлері бойынша әртараптандыру, инвестициялардың жағрафиясын, зейнетақы активтері есебінен сатып алынатын қаржы құралдарының спектрін кеңейтуге мүмкіндік береді. Бұл тәуекелдерді төмендетіп, жалпы зейнетақы портфелін қорғауды қамтамасыз етеді.

4) Бес жыл бұрын БЖЗҚ-да маған шот ашылды. Өкінішке орай, соңғы уақытта менің ресми жұмысым болмай ешқандай аударым жасай алмадым. Менің зейнетақы жинағым күйіп кетті ме?

Сіздің зейнетақы жинақтарыңыз Сіздің меншігіңіз болып табылады және жеке зейнетақы шотыңызда зейнеткерлік жасқа толғанға дейін немесе оларды төлеу үшін өзге де негіздер туындағанға дейін сақталады. Жеке зейнетақы шоттарындағы ақша БЖЗҚ-да мерзімсіз сақталатынын және олардың нақты әрекет ету мерзімі жоқ екенін есте сақтаған жөн. Бұған қоса оларға тұрақты түрде инвестициялық табыс есептеледі. Ол күн сайын әрбір қаржы күнінің соңында шоттағы қаржыға ол біткенге дейін есептеледі. Егер Сіз зейнеткерлікке шығып, зейнетақы төлемін ала бастасаңыз да шоттағы қалған жинағыңызға инвестициялық табыс есептеліп отырады.

Мемлекет алушылардың зейнетақы төлемін алу құқығы туындаған сәттегі инфляция деңгейін ескере отырып,олар аударған міндетті зейнетақы жарналарының нақты енгізілген мөлшерінде сақталатынына кепілдік береді («Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5–бабы).

5) Қайырлы күн! Келесі жылы менің әкем зейнеткерлікке шығады. Жақында біз үзінді көшірмені қараған едік, онда шамамен 900 000 теңгедей шағын қаржы жиналып тұр екен. Осы соманы толық бере аласыздар ма?

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан төленетін міндетті зейнетақы жарналары, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен қалыптасқан зейнетақы жинақтарынан зейнетақы төлемдерін жүзеге асыру қағидаларының ережелеріне сәйкес БЖЗҚ-дан міндетті зейнетақы жарналары және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары есебінен төленетін зейнетақы төлемдері 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап ай сайын белгіленген кесте бойынша жүзеге асырылады және Сіз оны бір мезгілде ала алмайсыз.

Өтініш жасалған күндегі зейнетақы жинақтарының сомасы тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген ең төменгі зейнетақының он екі еселенген мөлшерінен аспайтын жағдайда ғана бұл сома БЖЗҚ–дан алушыға бір мезгілде бірақ төленеді (2020 жылы бұл сома 01.04.2020 ж. бастап 485 292 теңгеге тең).

Зейнетақы жинақтарымыздың жағдайы қандай?

Сұрақты риторикалық деп айтуға келмейді. Әсіресе, COVID-19 короновирусына, валюта курсының, мұнай бағасының құбылуы және басқа да факторларға байланысты қаржы нарығында орын алған тұрақсыздық инвестициялық табыстың өзгеруіне әкеп соққан, карантин режиміне орай табысынан айырылу бойынша 42 500 теңге мөлшеріндегі мемлекеттік жәрдемақы алу мәселесі қайнап тұрған тұста, тіптібұл қаржы «БЖЗҚ-дан алынып жатыр екен» деген де пікірлер тарап кетті. Сәуір айының соңында «БЖЗҚ» АҚ-ның Басқарма Төрағасы Жанат Құрманов жағдайды түсіндіру мақсатында БАҚ-та сұхбат берді.

Бүгін біз оқырмандардың назарын азаматтарымыздың зейнетақы жинақтарына қатысты ең маңызды мәселелерге аударғымыз келеді.

Біріншіден: зейнетақы жинақтары – салымшының меншігі, оның сақталуына мемлекет кепілдік береді. Оған салымшының еркінен тыс ешкім билік жүргізе алмайды, яғни үшінші тұлғаларға немесе мақсатқа сай келмейтін басқа да төлемдер жасай алмайды.

Екіншіден: жинақтар үздіксіз инвестицияланады, яғни олар «тұрған жоқ», салымшыға «жұмыс істеуде». ҚР Ұлттық Банкі зейнетақы активтерін инвестициялайды. Инвестициялаудың басты қағидаты - бұл олардың сақталуы, яғни қандай да бір себептермен оларды жоғалту тәуекелін азайту. Зейнетақы жинақтары тұрақты пайда әкеліп, қамсыз қарттықты қамтамасыз ету үшін көбейіп отыруы тиіс.

Үшіншіден: барлық зейнетақы жинақтарының басым бөлігі әрбір салымшының шотына күнделікті есептелетін инвестициялық табыстан тұрады және кез келген салымшы БЖЗҚ ұялы қосымшасы немесе БЖЗҚ сайтындағы өзінің жеке кабинеті арқылы өз жинақтарын «24/7» режимінде бақылай алады.

Енді осының бәріне толығырақ тоқталып өтсек.

Салымшылардың зейнетақы активтері жан-жақты бақылауда және олардың сақталуына мемлекет кепілдік береді. Бұл біздің азаматтарымыздың қарттыққа жинаған ақшасы. Оны тек заңмен белгіленген шарттарда ғана алуға болады.

Барлық мемлекеттік жәрдемақылар мемлекет бюджетінен немесе Үкіметтің бюджеттен тыс қорларынан төленеді, ал БЖЗҚ-дағы қаражатқа олардың қатысы жоқ. Бұл салымшылардың жеке ақшасы.

«БЖЗҚ» акционерлік қоғамының өзі зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жинау, өңдеу, есепке алу және есептеу, халыққа зейнетақы қызметтерін көрсету жөніндегі уәкілетті оператор болып табылады. Ал зейнетақы активтерін инвестициялық басқаруды Ұлттық банк жүзеге асырады.

Зейнетақы активтері түрлі қаржы құралдарына зейнетақы жинақтарының инфляциядан сақталуын және табыс мөлшерінің инфляциядан жоғары болуын қамтамасыз ету мақсатында инвестицияланады.

Инвестициялау үшін қаржы құралдарын таңдау кезінде Ұлттық банк тәуекел-табыстылық қатынасындағы ең жоғары теңгерімділікке ұмтылады. Егер қаржы нарығындағы жағдай өзгерсе және жекелеген инвестициялық құралдар бойынша табыстылық төмендесе, онда бұл басқа құралдар бойынша табыстылықпен өтеледі.

Әрбір салымшының БЖЗҚ-да жеке зейнетақы шоты (ЖЗШ) бар, оғанбарлық келіп түсетін зейнетақы жарналары, сондай-ақ заңнамада белгіленген комиссиялық сыйақы шегерілгенде алынған инвестициялық табысы есепке алынады. Комиссиялық сыйақы 2020 жылы алынған инвестициялық табыстың 2,0 пайызын және зейнетақы активтерінің айына 0,011 пайызын құрайды. Бұл заңда белгіленген нормалардан тиісінше 3,7 есе және 2,3 есе төмен.

Зейнетақы жинақтары Қазақстан ішінде де, халықаралық нарықтарда да, әртүрлі елдердің активтері мен валюталарына инвестицияланғанына қарамастан БЖЗҚ әр күннің қорытындысы бойынша азаматтардың жинақтарын қайта бағалауды жүзеге асырады. Инвестициялық кіріс салымшыға күн сайын есептеледі және әр күннің қорытындысын күнделікті көріп отыруға болады. Тіпті адам БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін алып жүрген болса да, оның жинақтарына инвестициялық кірістің есептелуі жалғаса береді. Ол әрбір салымшының жинақ сомасына және салымшылардың ақшалары инвестицияланған қаржы құралдарының кірістілігіне байланысты. Басқаша айтқанда, инвестициялық табыс күн сайын салымшылардың шоттарына олардың жинақтарына сай бөлінеді.

Инвестициялық табысты есептеу қалай жүргізіледі? Алдымен БЖЗҚ әр күнге есептейтін зейнетақы активтерінің шартты бірлігінің (ШБ) ағымдағы құнына байланысты болатындығынан бастайық. Әр салымшының жеке зейнетақы жинақтары теңгемен және ШБ санымен есептеледі.

Салымшының ЖЗШ-сындағы ШБ саны оның шотына зейнетақы жарналары аударылған сайын түскен жарна сомасын ШБ-ның ағымдағы құнына бөлу жолымен есептеледі. Нақты мысалмен қарастырайық. Мәселен, Сіздің ЖЗШ-ға 10 000 теңге зейнетақы жарнасы келіп түсті делік. ШБ құны 2020 жылдың 01 наурызында, мысалы 806,3948806 деп алсақ, сіздің ЖЗШ-ға есептелетін ШБ саны 10 000 теңге / 806,3948806= 12,4008724 құрайды.

Зейнетақы жинақтарын басқа күнге, мысалы, 2020 жылдың 01 мамырына алынған инвестициялық табысты ескере отырып есептейтін болсақ, шартты белгінің ағымдағы жаңа құны есептелетін болады, мысалы, 835,2253117. Сіздің ЖЗШ-ға есептелген ШБ саны ағымдағы жаңа құны бойынша мынадай сипатта қайта бағалануы тиіс: 12,4008724 * 835,2253117 = 10 357,52 теңге.

Осылайша, Сіздің зейнетақы жинағыңыз 2020 жылдың 01 мамырында 10 357,52 теңгені құрады, бұл ретте біз мысалға алып отырған зейнетақы жинағы 10 000 теңге мөлшеріндегі зейнетақы жарнасынан және 357,52 теңге инвестициялық табыстан тұрады. Жинақтардың ұлғаюы ШБ құнының өсуінен көрініс тапқан инвестициялық табыстың есептелуіне байланысты.

ШБ құны БЖЗҚ-ның www.enpf.kz сайтындағы басты бетте күн сайын жаңартылып отырады

Осылайша, әр салымшының зейнетақы жинақтарының мөлшері зейнетақы жарналары мен инвестициялық табысқа, сондай-ақ жарналардың уақытылы және тұрақты кезеңділікпен түсуіне тәуелді. Сондықтан ЖЗШ-ға жарналардың тұрақты және толық көлемде түсуі маңызды.

Инвестициялық қызмет нәтижесінде және шетел валюталары бағамдарының құбылмалылығы, қаржы құралдарының нарықтық құнының өзгеруі салдарынан есептелген инвестициялық кіріс мөлшері күн сайын өзгеруі мүмкін. Сол үшін де инвестициялық басқаруды инвестиция салынғаннан кейін ұзақ мерзім (кемінде бір жыл) өткізіп барып және ұзақ мерзімді перспективада бағалаған жөн.

Мәселен, өткен 2019 жылы БЖЗҚ салымшыларының жеке зейнетақы шоттарына есептелген таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңге, табыстылық 6,57%, ал инфляция 5,4% болды. Осылайша зейнетақы активтерінің таза кірістілігі оң (инфляциядан жоғары) нәтиже берді.

2020 жылдың басынан бастап 01 мамырдағы жағдай бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарына 536 млрд теңгеден астам инвестициялық табыс есептелді, бұл өткен жылдың осы кезеңімен (154,9 млрд. теңге) салыстырғанда381,1 млрд теңгеге артық. Бұл инвестициялық кірістің белгіленбеген шама екендігінің дәлелі, ол қаржы құралдарының құнына және жалпы қаржы нарығындағы жағдайға тәуелді.

Зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы мiндеттi зейнетақы жарналарының, мiндеттi кәсіптік зейнетақы жарналарының, алушы зейнетақы төлемдеріне құқықты алған кездегі инфляция деңгейiн ескере отырып, жарналардың нақты енгiзiлген мөлшерiнде сақталуына мемлекеттік кепiлдiк көзделген. Зейнетақы жинақтарының мөлшері жарналар сомасы, олардың түсу тұрақтылығы мен инвестициялық табысқа байланысты.

Міне, осындай қарапайым экономика мен математика, оны түсінген әрбір салымшы өз жинағының қалай ұлғаятынын, онымен не болып жатқанын және төлемдердің мақсатқа сай дұрыс жүзеге асырылуын еш қиындықсыз бақылай алады.

Бүгінгі күннің сандық көрсеткіштерімен, айлар мен жылдар бойынша жеке-жеке, зейнетақы активтерін инвестициялық басқару жөніндегі ақпаратпен, сондай-ақ қаржы құралдары бөлінісіндегі инвестициялық портфельдің құрылымы туралы деректермен Сіз ай сайын Қордың сайтындағы «Көрсеткіштер» - «Инвестициялық қызмет» бөлімінде төмендегі шағын бөлімдерден таныса аласыз:

-«Инвестициялық қызметке шолу» https://www.enpf.kz/ru/indicators/invest/review.php

-«Зейнетақы активтерінің инвестициялық портфелі құрылымы»

https://www.enpf.kz/ru/indicators/invest/structure.php


  • Жарияланған күні: 21.05.2020 04:03
  • Жаңартылған күні: 21.05.2020 16:07
  • Көргендер саны: 66
Астана 20 жыл
Қызықты ақпарат
Сіз электронды үкіметтің порталы арқылы қызмет алдыңыз ба?
Халықтан сұхбат

Оқиғалар күнтізбесі