12.07.2020

Валюта бағамы:

Ерікті зейнетақы жарналары – төлеу оңай!

Ерікті зейнетақы жарналары – төлеу оңай!

БЖЗҚ салымшылары ерікті зейнетақы жарналары есебінен жасалған шарт бойынша жарналарды электрондық әдіспен қалай төлейді?

Соңғы уақытта Қазақстан азаматтары ақшасыз аударымдар жасау барысында әр түрлі банк қосымшаларын жиі пайдалануда. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры бұл үрдістен қалыс қалмай, өз қызметтерін әр түрлі электрондық сервистерге ауыстырып жатыр. Осылайша Қор өз жүйесін мемлекеттік органдармен ғана емес, екінші деңгейдегі банк жүйелерімен де ықпалдастыруды қолға алды.

Ерікті зейнетақы шоттарына жарналарды Kaspi.kz мобильді қосымшасы арқылы аудару – БЖЗҚ салымшылары үшін керемет жаңалық болды. Қазіргі уақытта Kaspi.kz қосымшасын пайдаланатын кез келген азамат ерікті зейнетақы шотына жарналарды ешқандай комиссиясыз аудара алады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) және Kaspi.kz қосымшасы жүктелген әрі интернетке қосылған смартфоны немесе планшеті болса жеткілікті. Әрі қарай жарна аудару өте тез, жеңіл әрі ыңғайлы. Бұл үшін Kaspi.kz қосымшасына кіріп, «Төлемдер» бөліміндегі іздеу жолағына – «Ерікті зейнетақы жарналары» деп жазу керек. Бұдан кейін ЖСН бағанын толтырып, қажетті соманы енгізсеңіз болғаны.

Айта кетелік, өзіңіздің ғана емес, кез келген үшінші тұлғаның – мысалы, жұбайыңыздың, ата-анаңыздың, туған-туыстарыңыздың, тіпті жас балаңыздың да ерікті зейнетақы шотына жарна аударуыңызға болады. Бұл үшін оның жеке сәйкестендіру нөмірін енгізсеңіз жетіп жатыр. Ерікті жарналарды кәмелетке толмағандардың атына да аударуға болады.

Бұдан басқа ерікті зейнетақы шотын өзіне-өзі қызмет көрсетуші Halyk Bank терминалы арқылы да толықтыруға мүмкіндік бар. Мұндай құрылғылар аталмыш банктің әрбір бөлімшесінде орнатылған. Бұл жерде төлем сомасының 0,3 пайызы көлемінде комиссия ұсталынады (комиссия 100 теңгеден төмен болмайды).

Сонымен қатар ерікті жарналарды дәстүрлі тәсілмен – екінші деңгейдегі банктердің кассасы немесе «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы төлеуге болады. Бұл жағдайда да тиісті комиссия қарастырылған.

2020 жылдың ағашқы айында БЖЗҚ салымшыларына 1,5 миллионнан астам қызмет көрсетілді

2020 жылдың 1 ақпанына қарай Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету аясында жыл басынан бері 1 551 766 операция орындалды. Оның басым бөлігі, яғни 80,4 пайызы (1,25 млн) электрондық форматта жүзеге асырылды. 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өсім - 2 пайыз. Дегенмен көптеген салымшылар зейнетақы қызметтерін алу үшін Қор мамандарына жүгінгенді жөн санайды.

Ағымдағы жылдың қаңтар айында БЖЗҚ кеңселерінде Қазақстан бойынша орта есеппен күн сайын 9 мыңдай операция орындалды.

Ең танымал қызмет – жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу. Бір ай ішінде 1,3 миллионнан астам үзінді көшірме (олардың 93,2 пайызы – электрондық форматта) берілген. Сонымен қатар салымшылар мен алушылардың жеке деректемелерін өзгерту қызметі де сұранысқа ие. Бұл қызметтер негізінен (85%) Қор кеңселерінде көрсетіледі.

Айта кетелік, егер электрондық цифрлық қолтаңба бар болса, жеке деректемелерді (электрондық мекенжайы және тұрғылықты мекенжайы) enpf.kz сайтында өзгертуге болады. Оны «Қазпошта» АҚ бөлімшелеріне барып өзгертуге де мүмкіндік бар.

Бір ай ішінде шамамен 51 мың салымшы жеке зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілін өзгерткен. Салымшылар үзінді көшірме алу тәсілін негізінен Қор кеңселерінде (42,7 мың қызмет) және көшпелі қызмет көрсету барысында (5,7 мың қызмет) ауыстырған. Хабарлау тәсілін ауыстыру қызметіне сұраныс әсіресе қыз мезгілінде артады. Мысалы, 2020 жылдың алғашқы айында бұл қызмет бойынша өсім - 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен жоғары болды. Мұның негізінен «Мобильдік кеңсе» жобасы есебінен өскендігін айта кеткен жөн. Жоба аясында салымшыларға қызмет көрсетуде жасанды жер серігі байланысы қондырғысымен жабдықталған шағын автобус пайдаланылады.

Осылайша шалғай елдімекендердің тұрғындары Мобильдік кеңсе арқылы жеке зейнетақы шотынан үзінді көшірме алу, ерікті зейнетақы жарналары бойынша шот ашу, зейнетақы шотынан ақпарат алу тәсілін өзгерту және басқа да қызметтерді ала алады.

Қазіргі уақытта БЖЗҚ мобильді кеңселері еліміздің 10 облысында (Алматы, Ақтөбе, Ақмола, Атырау Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) жұмыс істейді.

Ал 2020 жылы «Мобильдік кеңсе» жобасы Батыс Қазақстан, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асырылатын болады.

БЖЗҚ сұраусыз қалған 675 мың шоттың иелерін тапты

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының қызметкерлері 2019 жылы сұраусыз қалған 675 мың зейнетақы шоттарының иелерімен байланыс орнатты. Бұл бір жыл және одан да көп жылдардан бері жарна түспеген «ұйқыдағы» шоттар. Олардың қатарында өзін-өзі жұмыспен қамтушылар, жұмыссыздар, сондай-ақ зейнетақы жарналарын уақытша аудармағандар: үйде бір жылдан астам уақыттан бері декреттік демалыста отырғандар, тәжірибе жұмысындағылар, тағылымдамадан өтушілер, үй шаруасындағы әйелдер, мүгедектігі бар адамдар, әскери қызметшілер және сотталғандардың шоттары бар.

Қор мамандары ақпарат беру-түсіндіру жұмыстары аясында салымшыларға міндетті зейнетақы жарналарын аударудың маңыздылығын түсіндірді. Соның арқасында 128 мың жеке зейнетақы шотына жалпы сомасы 4 млрд теңгеге 523 202 жарна келіп түсті.

Осылайша БЖЗҚ «ұйқыдағы» шоттарды жандандыру, соңғы жылдары шоттарына зейнетақы жарнасын аудармай жүрген салымшыларды іздестіру жұмыстарын одан әрі жалғастыруда.

  • Жарияланған күні: 16.03.2020 01:37
  • Жаңартылған күні: 23.03.2020 17:54
  • Көргендер саны: 394
Астана 20 жыл
Қызықты ақпарат
Сіз электронды үкіметтің порталы арқылы қызмет алдыңыз ба?
Халықтан сұхбат

Оқиғалар күнтізбесі