22.07.2019

Валюта бағамы:

Ауданымыздың оқушылары «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысады

Ауданымыздың оқушылары «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысады

Қармақшы ауданының 304 оқушысы қыркүйек айында өтетін «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысады. Қазір олар жазғы демалысын тиімді пайдаланып, «Қобыланды батыр» жырын жаттауда. Атай кетейік, бұл жоба Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.А.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларында қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Байқаудың мақсаты - өскелең ұрпақты халық поэзиясына, қазақ халқының рухани асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеу, елдік пен ерлік рухына, намысшылдық, қайсарлық қасиеттерге баулу. Сайыс республика бойынша 6-10 сынып оқушыларының арасында өтеді. Байқау аясында қатысушылар 132 беттен 5206 жолдан тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау нұсқасын жатқа айтып, жырдың ішіндегі көнерген, тарихи сөздердің мағынасын ашып, қазақ тілі мен әдебиеті оқулығы бойынша әзірленген сұрақтарға жауап береді. Бүгінгі таңда байқауға қатысуға республика бойынша 5621 мектептен 50 мыңнан астам оқушы, 23 мыңнан аса мұғалім тіркелді. Қызылорда облысы бойынша 2 800 шамасында оқушы мен 1400-ге тарта мұғалім тіркеліп отыр. Ал Қармақшы ауданынан 304 оқушы байқауға қатысады. Оларды сайысқа 145 мұғалім дайындап жатыр. Бүгінде ауданда жырды толық жаттап алған өрендер бар. Атап айтсақ, С.Есқараев атындағы №27 орта мектебінің 7 сынып оқушысы Қабілет Әбдірайым (жетекшісі Айымкүл Бекмаханқызы), Ақтөбе ауылындағы №109 орта мектебінің оқушысы Гүлсіңай Кенжебек (жетекшісі Б.Әбдірасылова) 132 беттік «Қобыланды батыр» жырын түгел жаттады. Жалпы қармақшылық оқушылардың байқауға дайындығы жоғары деңгейде. Күздің алғашқы айына дейін барлығы дерлік 100 пайыз дайын болады деген сенімдеміз. Айта кеткен жөн, байқау 3 кезеңнен тұрады: 1-ші кезең аудандық; 2-ші кезең облыстық; 3-ші кезең республикалық. Оқушыларға арналған жүлде қоры: Аудандық кезең: 1-ші орын үшін 150 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 2-ші орын 100 000 теңге (немесе бағалы сыйлық), 3-ші орын 50 000 теңге (немесе бағалы сыйлық). Облыстық кезең: 1-ші орын үшін 1 000 000 теңге, 2-ші орын 600 000 теңге, 3-ші орын 300 000 теңге. Жеңімпаз оқушылардың мұғалімдеріне арналған жүлде қоры: Аудандық кезең жеңімпаздарының ұстаздары Білім және ғылым министрінің арнайы дипломымен марапатталады. Облыстық кезең: 1-ші орын алған оқушының ұстазы кемі 2 000 000 теңге, 2-ші орын кемі 1 200 000 теңге, 3-ші орын кемі 600 000 теңге. Ұйымдастыру комитеті – «Qazaq Epos» қоғамдық қоры. Жобаның ресми өкілі – ақын, журналист Серік Сейітман. Жобаны қолдаушы Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Білім және ғылым министрлігі, «Qazaqstan» ұлттық арнасы, жергілікті атқарушы органдар.

  • Жарияланған күні: 11.07.2019 03:45
  • Жаңартылған күні: 11.07.2019 15:51
  • Көргендер саны: 48
Астана 20 жыл
Қызықты ақпарат
Сіз электронды үкіметтің порталы арқылы қызмет алдыңыз ба?
Халықтан сұхбат

Оқиғалар күнтізбесі